«Не сіз заңсыздықты жеңесіз, не заңсыздық сізді жеңеді»

28 ноября 2020 г. Участие, Выборы

2021 жылдың 10 қаңтарында Парламенттің төменгі палатасы Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар сайлауы өтпек. Азаматтар дауыс беріп қана қоймай, сайлауға тәуелсіз бақылаушы ретінде қатыса алады. Сайлауда бақылаушы болудың маңызы қандай? Бақылаушылар сайлауда қандай заңбұзушылықтарға тап болады? Сайлау процесі қалай өтеді? Бұл сұрақтарға былтыр президент сайлауында тәуелсіз бақылаушы болған адамдар жауап берді. 

Осы тұста жастар ақпараттық қызметінің жас сайлаушылар лигасы мәжіліс сайлауына бақылаушылар іздейтінін хабарлаймыз. 

Жансая Алиева


Оразай Қыдырбаев, журналист, ассистент-оқытушы»

Осыған дейін қандай сайлауда тәуелсіз бақылаушы болдыңыз?

— Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін тек бір сайлауда бақылаушы болдым. Ол — былтырғы президент сайлауы. Оған дейін болған сайлауларға аса қызыққан емеспін. Өйткені ол кездерде жеткілікті деңгейде саяси сауатты болмадым әрі сайлауға қатысудың, пікір білдірудің маңызын жете түсінбедім. Тек кейінгі бірнеше жылда, әсіресе, Көкжайлау оқиғасы кезінде саяси ұстанымдарым қалыптасты. Өзіміз сайламаған әкім, өзіміз сайламаған президент ешқашан біздің пікірімізді ескермейтінін, біздің игілімізге қызмет етпейтінін түсінген едім.

— Неге тәуелсіз бақылаушы болғыңыз келді? 

— 2019 жыл Қазақстан халқы үшін ерекше оқиғаларға толы болды. Әсіресе, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өз еркімен отставкаға кетіп, оның орнына Тоқаевтың президент болып тағайындалуының маңызы зор еді. Сол кезде бәрімізде жылдар бойы өзгермей келе жатқан жүйе енді өзгеретініне, елде демократия орнайтынына деген үміт пайда болды. Алайда Тоқаевтың президент бола сала бір сәтте Астана қаласының атын өзгертіп, Дариға Назарбаеваны сенат спикері етіп тағайындауы сенімімізді таптады. Халықтың қалауы ескерілмеген бұл оқиғалар елде біз күткен өзгерістің болмайтынын байқатты. Осы әділетсіздіктерге қатты ашуландым, бұдан былай оларға төзгім келмеді. Сондықтан президент сайлауы өтетіні хабарлағанда өзіме бірден «Сайлаудың әділ өтуі үшін не істей аламын?» деп сұрақ қойдым. Көп ұзамай әлеуметтік желіден тәуелсіз бақылаушылар, олардың сайлауға әсері жайлы білдім де, бұл жұмысқа қызығушылығым оянды. Сайлаудың таза өтіп, халық қалаған кандидаттың президент болуы үшін тәуелсіз бақылаушы атанғым келді. Сонымен қатар, сайлауда бақылаушы болу арқылы мемлекетте демократия қалыптасуына үлес қоса аламыз. 

Кейін «Еркіндік қанаты» атты ұйымға жазылып, тәуелсіз бақылаушыларды дайындайтын арнайы тренингтеріне қатыстым. Бақылаушы ретіндегі жұмысымды өзім тіркелген учаскеге барып атқардым. Әрі тәуелсіз бақылаушы болып, әрі дауыс беріп, өз даусымды күзеткім келді.  

— Сайлауда қандай заң бұзушылықтарға куә болдыңыз?

— Менің учаскемдегі сайлау заңбұзушылықтарсыз жақсы өтті. Тек сайлау аяқталып, учаске жабылғаннан кейін келеңсіздіктер басталды. Заң бойынша сайлау аяқталысымен дауыс санап басталуы және осы кезде комиссия төрайымы болуы керек. Бірақ біздің комиссия төрайымы учаскеден шығып кетті де, түнгі үшке дейін келмей қойды. Сондықтан санау кейінге шегерілді де, кешкі сегізден түнгі үшке дейін төрайымды күтуімізге тура келді. Екінші заң бұзушылық еш кедергі келтірмесем де, мені учаскеден «дауыс санауға кедергі келтірдің» деп қуып шығуы болды. 

— Сайлау кезінде кедергі жасалып, қысым көрсетілді ме?

— Комиссия бақылаушыға арналған орындықтан тұруға болмайтынын айтып, еркін жүріп тұруымды шектегісі келді. Одан кейін фото, видео түсіруге тыйым салынғанын айтты. Алайда мен комиссия мүшелеріне бақылаушының заң негізіндегі құқықтарын, құзыреттіліктерін таныстырып, олардың сөзі қате екенін дәлелдедім. Сосын сайлау бітер уақытта келген белгісіз бір ер адамнан қысым көрдім. Өзін бақылаушы ретінде таныстырған ол қасыма келіп «Сен күні бойы бақылаушылық жасап шаршаған боларсың, үйіңе қайта бер, ары қарай өзім бақылай саламын» секілді ұсыныстарын сыпайы айта бастады. 

Бірақ оның айтқандарына көне қоймадым. «Ет піскенше шыдап, қазан түскенше шыдамай қалдың ба?» демекші соңына дейін шыдамақ болдым. Сонда да ол кісі мені айналсоқтап жүруін доғармай, «Көп сайлау учаскесінде нәтиже шығып қойды. Кімнің президент болатыны баяғыдан белгілі. Бұл учаскедегі нәтиже ештеңені өзгертпейді. Үйіңе қайта берсеңші!» деп бірнеше рет райымнан қайтаруға тырысты. 

Төрайым келіп, енді дауыс санауға кірісейік деп жатырғанда әлгі бақылаушы маған ашық түрде провокация жасауға көшті. «Бауырым, нағыз еркек болсаң, жүр! Сыртқа шығып, сөйлесейік!» деп төбелеске шақырғысы келді. Телефонымды алып, оның әрекетін видеоға түсірмек болғанымда ол телефоныма жармасып, тартып алуға әрекет жасады. Сол кезде провокацияның бас-аяғын көріп тұрған учаскелік полицей келіп, қолымды қайырып, сыртқа күштеп шығарып тастады. Не себепті сыртқа шығарғанын сұрағанда «сен шу шығарып, заң бұзып жатсың. Бұндай жағдайда сені шығарып тастауға мәжбүрміз» деді де, учаске есігін ішінен жауып алды. Бірақ заңды бұзған мен емес, провокация жасаған белгісіз ер адам еді. Содан ары қарай дауыстардың қалай есептелгенін біле алмадым.  

Ғалымжан Оразымбет — «Baqylau» жобасының ұйымдастырушы-тренері

— Неге сайлауда тәуелсіз бақылаушы болғыңыз келді? 

— Сайлау — менің сүйікті тақырыбым. Бірінші кезекте, ол —  интеллект, мінез, табандылық, ерік-жігер сайысы. Сайлаудың өз қызығы, спорттың азартынан кем түспейтін азарты бар. Бұнда қай рөлде болғаныңыз маңызды емес. Кандидат болсаңыз да, кандидат штабында істесеңіз де, тіпті өзіңізге берілген бір учаскеде үгіт-насихат жүргізсеңіз де, бәріңізге ортақ бір мақсат болады. Ол — ұту. Кандидат пен штабистің мақсаты бүкіл сайлау округінде ұту болса, агитатордың мақсаты — өзінің сегментінде, учаскесінде ұту. Тәуелсіз бақылаушының мақсаты тікелей жеңіс деп айту қиын. Бірақ бәрібір өз қызметінде жеңіс саналатын мақсатқа ұмтылады. Басқалармен салыстырғада тәуелсіз бақылаушы үшін жеңістің бірнеше түрі бар: сайлауда заңсыздықтарды болдырмау, алдын алу және қорытынды хаттама алып қайту. Сырт қараған адамға бұл жеңістер күмәнді немесе түсініксіз боп көрінуі мүмкін. Бірақ біздегі сайлаудың заңсыздықсыз өтпейтінінен хабардар адамдарға бұлар өте үлкен жетістік, кей жағдайда тіпті мүмкін емес нәрселер. Қорытынды хаттамаға қол жеткізудің өзі — қызығынан қиындығы басым квест. Мақсат — біреумен ерегісу емес, біреулер жасаған заңсыздықпен күресу. Не сіз заңсыздықты жеңесіз, не заңсыздық сізді жеңеді. Бақылаушы болу үшін одан артық қандай мотивация керек?!

— Сайлауда бақылаушы болудың маңызы неде?

— Бақылаушы — сайлаушы даусының күзетшісі, аманатын арқалаушы. Ол сайлаушы даусының таңдаған кандидатына, партиясына ұрланбай, бұрмаланбай жетуіне жауап береді. Бақылаушы болудың маңызы — сайлаудың заңға сай өтуіне атсалысу. Ал сайлау әділ өтсе лайық адамдар жеңіске жетіп, халық жағдайын жақсартатын шешімдер қабылданады. Егер әр сайланатын кандидат, партия сайлау нәтижелерін қалағанынша бұрмалай алмаса және бұрмалаушыға емес, сайлаушыға тәуелді екенін түсінсе, ол халықтың мүддесіне қызмет етуге тырысады. 

— Осы кезге дейін қандай сайлауда тәуелсіз бақылаушы болдыңыз?

— 2004 жылы қыркүйекте өткен Пәрламент Мәжілісі сайлауында бірінші рет тәуелсіз бақылаушы болдым. Ол кезде сайлау екі кезеңнен тұратын. Мен екеуінде де тәуелсіз бақылаушы болып, біраз тәжірбие жинадым. Одан кейінгі сайлауларға штаб қызметкері, үгітшілер координаторы, штаб аналитигі сынды түрлі рөлде қатыстым.  Бұлардың бәрі кандидаттың штабындағы жұмыстарға жатады. Ал былтыр президент сайлауында қайтадан тәуелсіз бақылаушы болдым.

— Сайлау процесі әдетте қалай өтеді? Тәуелсіз бақылаушының қандай міндеттері бар?     

— Сайлау учаскесі таңғы алтыда ашылатындықтан тәуелсіз бақылаушының сайлау күнгі жұмысы да алтыда басталады. Комиссия мүшелерінің жетіге дейін атқаратын бірқатар шаруасы бар. Бақылаушының міндеті — сол істерді бақылап, дұрыс орындалуын қадағалау. Атап айтқанда мыналарды істеуі керек: дауыс беру жәшігінің аузын бекіту (пломба салу), бюллетеньдерді комиссия мүшелеріне тарату, бюллетень тарататын комиссия мүшелерін анықтау, жалпы учаскеде дауыс беруге, бақылаушылардың бақылауына қолайлы жағдай жасалғанына көз жеткізу. Осы тапсырмалардың бәрі орындалғасын сағат жетіде учаске ашылып, дауыс беру басталады. Дауыс беру кешкі 20:00-ге дейін болады. Осы аралықта бақылаушы заңның қандай да бір нормасы бұзылмауын қадағалап, бұзылса назарсыз қалдырмай дереу акт толтыруы тиіс. Тағы бір міндеті — толық бейтарап болу, заңнан басқа ешкімге, ештеңеге болыспау. 

Кешкі сегізде учаске жабылып, дауыс санау басталады. Бақылаушы санақ аяқталып, қолына қорытынды хаттама тигенге дейін учаскеде болуы керек. Комиссия көбіне оны бермеуге тырысады немесе көшірмесіне мөр басқысы келмейді. Заң бойынша хаттаманың көшірмесіне мөр басылуы керек. Бақылаушы комиссияның хаттама бергенін күтіп отырса, комиссия бақылаушының шаршағанын күтеді. Комиссия уақыт созу үшін дауыс санауды кейде кешіктіріп бастайды. Кейде дауысты қайта-қайта санайды. Комиссияның құйтырқы әдістеріне соңына дейін шыдаған бақылаушы мақсатына жетеді. Егер мөр басылған қорытынды хаттамасыз қайтса, таңнан түнге дейін отырған еңбегі еш кетеді. Бақылаушы өз еңбегін сыйласа, хаттама алмай қайтпағаны жөн. 

— Сайлауда қандай заң бұзушылықтарға куә болдыңыз? 

— Сайлау туралы заңда тыйым салынған істің бәрі біздің сайлауда кездеседі. Сайлау комиссияларының бұзатын нормасы —  бюллетеньдерді топтап салу. Сонымен қатар, тізімде жоқ адамның қосымша тізімге енгізіліп, дауыс беруі де кең таралған. «Карусель» деп аталатын бұл тәсілде бір топ адамды бірнеше учаскеге апарып, дауыс бергізіп шығады. Заң бойынша бір адам бір рет дауыс бере алса, «карусельде» бір адам он учаскеге барып он рет дауыс береді. Бір сайлаушыға бірнеше бюллетень берген кездері де болды. Жарамсыз не қолданылмаған бюллетеньдер шеті кесіліп жойылуы керек болса да, оларды алып қалады. Бұл айла-тәсілдердің барлығы керек кандидатқа дауыс беруші санын көбейту, жеңіске жеткізу үшін жасалады.

Заң бұзудың келесі легі бақылаушыға қарсы бағытталады. Сайлау туралы Конституциялық заң бойынша бақылаушыларға сайлау процесін анық, жақсы бақылауына толық жағдай жасалуы керек. Бірақ бізде бақылаушыларды бір бұрышқа отырғызып, «мына сызықтан аспа, мынша метрден жақын жерге келме» деп оларға түрлі шектеу қояды. Сонымен қатар, видеоға түсіруге, аудиоға жазуға да мұрша бермейді. Заңға сәйкес бақылаушының видео, фото түсіруге де, аудио жазуға да толық құқығы бар. Құқықты былай қойғанда, әр сөзін, актін нақты дәлелдерге сүйеніп жасау— бақылаушының міндеті. Әйтпесе бақылаушы өз дұрыстығын кейін қалай дәлелдемек!? Тәуелсіз бақылаушы екендігіңізді ескерместен, осы әрекеттерге тыйым салғысы келсе Сайлау туралы заңның 20-1 бабына сүйене аласыз.

Комиссия бюллетеньдегі белгіні бақылаушыға көрсетіп санауы керек. Бірақ көбі бақылаушыны дауыс санауға дейін жеткізбей, түрлі сылтаумен учаскеден шығарып жібереді. Қызылордада тәуелсіз бақылушы болған бір ағамыз пакетке салынған тамағын жегелі жатқанда, пакеті сықырлағанына бола оны шу туғызды деп шығарып тастапты. Бақылаушы заңсыздықтарға неғұрлым жиі бөгет бола берсе, комиссия оны соғұрлым тезірек шығаруға тырысады. Мені былтырғы сайлауда полиция қызметкерін шақыртып, учаскеден шығарғысы келді. Бірақ мен видеокамераны қосып, нақты не үшін шығарғалы жатқанын түсіндіруді талап еткенде жөнді жауап бере алмады да, шығармады.

Осындай заң бұзатын жағдайлар молынан кездесетіндіктен ЕЫҚҰ біздің сайлауды заңды деп ешқашан мойындамаған. Ал ТМД елдерінен келген бақылаушылардың бағасын есепке алудың керегі жоқ. Олар бір-бірінің сайлауларын заңдастыру үшін келеді де, заңсыздыққа назар аудармайды

— Сайлауда болған заң бұзушылықтар бойынша сотқа шағым түсірдіңіз бе? 

— Жеке тұлға ретінде сотқа арызданған жоқпын. Жиған дәлелдерімді, актілерімді өзім бақылаушысы болған ұйымға тапсырдым, ары қарай сотқа жеткізу ісімен ұйымның өзі айналысты. Олар менің және басқа да бақылаушылардың дәлелі бойынша сотқа арыз түсірді. Дәлел ретінде ұсынған видеосында заң бұзу фактілері анық көрініп тұрса да, прокуратура айғаз жеткіліксіз деген сылтаумен іс қозғаудан бас тартыпты. Сайлаудың ең сорақы жағы осында: болған заңбұзушылықтарға ешқашан ешкім жауап бермейді. Себебі билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдік, шектеу жүйесі жойылып, бір-бірімен тұтасып кеткен. Кінәлі адам жауапқа тартылмағасын сайлау комиссиясы да заңды еркін бұзады. Сот жүйесі өз алдына тәуелсіз болмай, біз ешқашан әділ сайлау көрмейміз. 

— Бірінші рет тәуелсіз бақылаушы болмақшы адамдарға қандай кеңес бересіз?

— Ең алдымен, бақылаушы заңды жақсы білуі керек. Бірақ заңды жаттап алып, «енді бәрін білемін» деу дұрыс емес. Себебі заңның теорияда мен практикада қолданылуы барлық кезде бірдей емес. Сіз біліп тұрған заң нормаңызды дұрыс түсіндіре алмауыңыз мүмкін. Сондықтан тәжірибелі мамандардың семинар, тренингтеріне міндетті түрде қатысыңыз. Мамандар сайлауда заңның қай нормасы қай кезде қалай қолданылатынын, оны сайлау комиссиясынан талап еткенде қалай түсіндіріп, негіздеу керегін нақты мысалдармен түсіндіреді

Тиянақты дайындықтан өтсеңіз, сіз бірінші сайлауыңызда-ақ сапалы бақылаушы бола аласыз. Ал жақсы дайындығыңыз болмаса, бірінші сайлауыңыз сәтсіз болуы мүмкін. Тәуелсіз бақылаушы жайлы кеңінен тарату мақсатында биыл Қазақстанның он аймағын аралап шықтым. Сонда былтыр бақылаушы болған адамдардың көбі сайлауға арнайы дайындықсыз барғанын айтты. Ал сайлаудағы заңсыздық түрлерін айтып жатқанда кейбірі мұндай жағдайлардың өз учаскесінде былтыр болғанын, бірақ оның заңсыз екенін білмегенін жеткізді. Заңды білмейтін адамды алдау да, құқығын бұзу да оп-оңай. Ал заңды бес саусақтай біліп тұрсаңыз, комиссияның заң бұзуға дәті бара бермейді.

Тағы бір басты талап —  тәуелсіз бақылаушы этикасын сақтау,  ұстанымдарға адал болу. Соңғысы толық бейтарап болуды білдіреді. Сіз бір партияның, кандидаттың даусын емес, тек заңды қорғайсыз. «Сайлауда бақылаушы болудың не керегі бар? Барлық партия өтірік. Кімнің даусын қорғаймыз?» дейтіндерді көрсем, еріксіз күлкім келеді. Бұндай пікірді тәуелсіз бақылаушының кім екенін, оның міндетін түсінбейтін адамдар айтады. 

Өзіңіз жаратпайтын партияға қарсы партияның даусын қорғау үшін бақылаушы болсаңыз, сіз ешқандай тәуелсіз емессіз. Онда өзіңізді алдамай, сол партияның атынан бақылаушы болыңыз, мархабат. Кандидат не партияның атынан бақылаушы болуға тыйым жоқ. Егер әділдіктің емес, өзіңіз қолдайтын үміткердің жеңгенін қалап сайлауда тәуелсіз бақылаушы болсаңыз, ұнатпайтын партияныздың құқығы бұзылып, даусы бұрмаланып жатқанда оны көрмегендей түр танытуыңыз мүмкін. Біреуді заң бұзды деп айыптай отыра өзіңіз заңсыздық жасап, әділ сайлау талап етуіңіз екіжүзділік болады. 

Сүйінбике Сүлейменова — суретші, кинооператор

— Неге тәуелсіз бақылаушы болғыңыз келеді?

— Тәуелсіз бақылаушы болуыма елде былтыр болған оқиғалар әсер етті. Барлығы Назарбаевтың отсавкаға кетуінен бастау алып, біздің «Шындықтан қашып құтыла алмайсың» акциямызға, акцияға қатысқан белсенділердің ұсталуына, кейін менің апелляциялық сотыма жалғасқан еді. Бұл оқиғалар ел саясатына бейжай қарамайтын азаматтық қоғамның төңірегінде өрбіп жатты. Бұндай жағдайда сайлауға қатыспай қалу мүмкін емес болды. Дегенмен митингіні құр жібермейтін кейбір белсенді достарым, «Оян, Қазақстан» қозғалысының кейбір мүшелері тәуелсіз бақылаушы болғысы келмеді. Олардың ойынша, бақылаушының елдегі жағдайды өзгерте қоюы екіталай. Бірақ мен бақылаушының әділдікке қол жеткізе аларына сенемін. Сонымен қатар, сайлаудың ішкі құрылымымен танысып, әділетсіздіктерге өзім көз жеткізгім келді. 

— Тәуелсіз бақылаушы болу қаншалықты қиын болды? 

— Тәуелсіз бақылаушы болу үшін оқу дайындығынан өту оңай. Мен қатысқан ҚЖАҚ-тың тренингтері қызықты әрі көңілді өтті. Әрі оқу барысында ел болашағына алаңдайтын мықты жастармен таныстым. Арасында орта жастағы кісілер де болды. 

Ал сайлауда бақылаушы болу айтарлықтай қиынға соқты. Сайлау учаскесіне сіңлім екеуміз тәуелсіз бақылаушы болып бардық. Басында комиссия төрайымы үш метр арақашықтық сақтауымызды сұрап, орнымызға отырғызғысы келді. Түсіруге, жүруге толық құқығымыз бар екенін айтсақ та, құлақ асқысы келмеді. Әкімдікке біз жайлы деректерді жіберетінін, құқық қорғау органына хабарласатынын айтып, тіпті бізді видеоға түсіре бастады. Біз олардан әр талабын заң негізінде дәйектендіруін сұрағанда қипақтап дұрыс жауап бермеді. Заңның біздің жағымызда екенін түсінгеннен кейін бізге кедергі келтіруін қойды. 

Сонымен қатар, дауыс беруге келген азаматтарды қадағалау қиын. Түсқайтаға дейін адамдар аз-аздан келгенімен, кешке жақын қатары күрт көбейді. Студенттер топырлап кіріп келгенде кімді қадағаларымды білмей, қиналып қалғаным есімде. Алайда жанымда сіңлімнің болғанының арқасында екеуміз бәрін бақылай алдық. Қорытынды хаттаманы алу ең күрделі шаруа болды. Олар бізге хаттаманы бермеу үшін уақытты барынша созып, қолынан келгенін істеп бақты. Бірақ біз берілмей, таңғы үшке дейін күтіп, қорытынды хаттаманы алып қайттық. 

Бұл қиындықтардың барлығына шыдауға болады. Аса ауыр тиген нәрсе — комиссияның бізге ала көзбен қарап, жақтыртпағаны. Бізді тәуелсіз бақылаушы болғанымыз үшін ұнатпайтын адамдармен бір жерде болу сабырлықты талап етті. «Тәуелсіз бақылаушыда бірнеше қуаттағыш, кофе құйылған үлкен термос, өзімен әкелген тамағы болады. Әрдайым телефонына бірдеңе түсіреді де жатады, заңсыздықтарды тіркеуден жалықпайды» деген мемдерден кейін олар біздің тәуелсіз бақылаушы екенінімізді бірден анықтаған болар. 

— Сайлауда қандай да бір қызық оқиға болды ма?

— Бізге жылы шырай танытпаған комиссияның ішінде екі мұғалім болды. Күн ұзаққа олар бізбен жөнді сөйлеспей, қит етсек қуып шығуға дайын тұрды. Оған қоса «қазір шай тез ішіп келеміз» деп айтып алып, бізді екі-үш сағат күттіріп қойғаны да бар. Бірақ оларға неге заңсыздықпен күресіп жүргенімізді айтып, сайлаушы болудың маңызын, айналып келгенде бұның бәрі біздің жағдайымыздың қамы екенін түсіндіргеніміз сол еді: арадағы шиеленіс жойылды. Олар бізді лезде жақсы көріп кетті. Қоштасарда сыйлық тарту етіп, өте жылы қоштасты. Күні бойы бірге болғанымызға қарамастан, тек соңында жақсы қарым-қатынас орната алғанымыз қызық болды. 

— Бірінші рет тәуелсіз бақылаушы болмақ адамдарға қандай кеңес бересіз? 

 Бастысы, заңды жақсы біліп алыңыздар. Заңды жетік білетінімнің арқасында сайлауда құқығымның бұзылуына жол бермедім. Сондай-ақ, учаскеге жұп болып жазылуға кеңес беремін. Майдан алаңында қасыңызда бір адам болса, бақылау соншалықты қиын болмайды. 

Следите за нами в интернете

Другие новости и события