Полиция қызметкері үйіңізге келсе, көшеде ұстап алса немесе телефоныңызды тартып алса не істеу керек?

16 января 2022 г. Общество, Права человека

Кейінгі күндері Алматы мен өзге де қаланың тұрғындары полиция қызметкерлерінің ұялы телефондарды тексеріп жатқанын айтып шағымданып жатыр. Полицейлер қаңтардың басында болған митингілердің видео, фото сияқты деректері бар-жоғын қарайды. Құқыққорғаушы Татьяна Чернобильден мұндай әрекеттің қаншалықты заңды екенін және осындай оқиғаға тап болсаңыз, не істеуге болатынын сұрап білдік.  

Қазіргі сәтте еліміздің көптеген аймағына төтенше жағдай режимі енгізілген. Сондықтан полиция мен әскери қызметкерлердің белгілі бір құзіреті бар екенін, мемлекет азаматтардың кей құқықтарын шектей алатынын еске саламыз.  

Көшеде полиция тоқтатса, не істеу керек?

1.   ТЖ кезінде көшеге шыққанда өзіңізбен әрдайым азаматтығыңызды растайтын құжатты алып жүруіңіз керек (жеке куәлік, паспорт, шетелдіктің тұруын растайтын ықтиярхат, әскери билет, жүргізуші куәлігі). Ал қалыпты жағдайда құқық қорғау органдарының құжатыңызды тексеруге негізі болуы тиіс.  

2.   Жаныңызда жоғарыдағы құжаттардың бірі болмаса, жеке басыңыз анықталғанға дейін 48 сағаттан аспайтын уақытқа ұсталуыңыз мүмкін(ӘҚБтК-нің 789-бабының 2-бөлігі).

3.   Комендант сағаты кезіндегі тәртіпті бұзуыңызға байланысты ұсталуыңыз мүмкін.

Егер полиция қызметкері ұялы телефоңызды тексеремін десе ше?

1.   Полицияның бұл әрекеті заңсыз. ТЖ кезінде құқық қорғау органдары тек жеке басыңызды анықтайтын құжатты сұрауға құқылы. Жеке куәлігіңізді көрсетуіңіз – оларға жеткілікті ақпарат береді.

2.   Кеше кеште ІІМ азаматтардың келісімінсіз я соттың санкциясынсыз олардың ұялы телефонын тексеруге, бақылауға тыйым салынатынын ресми мәлімдеді.

3.   Жергілікті ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаментіне, Бас Прокуратураға, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жүгіне аласыз. Болған оқиғаны айтуыңыз маңызды.

4.   Телефоныңыздағы видео не фотоны әлдекімге жібермеуге құқыңыз бар.

Ал егер полиция үйіңізге келсе?

1.   Біріншіден, сізбен құқық қорғау органының қызметкері сөйлесіп тұрғанына көзіңізді жеткізіңіз. Одан қызметтік куәлігін көрсетуін талап етіңіз. Яғни ол сізге жеке куәлігін емес, құқық қорғау органында жұмыс істейтінін растайтын құжатты көрсетуі тиіс.  

2.   Арнайы таңбасы жоқ және таза ақ қағазға қол қоймаңыз. Қол қою үшін арнайы құжат бланкісі болуы керек.

3.   Егер барлығы заң тұрғысынан дұрыс болса, қызметкерге шынайы ақпаратты айтыңыз. Қандай да бір оқиғаның куәсі болмасаңыз, яғни өзіңіз көрмесеңіз «мен мұны таныстарымнан естідім», «олардың байланыс телефонын бере аламын\алмаймын» сияқты сөз тіркестерін қолданғаныңыз жөн. Сол себепті тек өз атыңыздан сөйлегеніңіз дұрыс.

4.   Құқық қорғау органдарына көргеніңіздің барлығын, яғни күштік құрылымдар я билік тарапынан құқықбұзушылық көрсеңіз, барлығын жазып немесе айтып беріңіз.  

Қазақстан Жастар Ақпараттық Қызметі (ҚЖАҚ) еліміздің барлық тұрғынына үндеу салады. Егер сізді полиция ұстаса, телефоныңызды тартып алса, бізге осы нөмір арқылы хабарласыңыз:  +7-777-669-65-00. 

Следите за нами в интернете

Другие новости и события