Жастар мемлекеттен не талап етеді?

Қазақстан жастар ақпараттық қызметі «Жастар сөйлейді» айдарын жалғастырады. Осы жолы саяси белсенді, фембелсенді, экобелсенді үш жаспен сөйлестік. Үшеуінің талап-тілегі әртүрлі болғанымен, мақсаты бір: Қазақстанды дамытып, өмір сүруге қолайлы елге айналдыру. Олар белсенділік жолы және мемлекеттен күтетін өзгерістері жайлы айтып берді.

Панкирей Сұлтан — видеограф, музыкант, саяси белсенді


Қалай саяси белсенді болдыңыз?

Барлығы 2019 жылдың 10 маусымында университетке бара жатырғанымда полицейлердің мені себепсіз тұтқындағанынан басталды. Оқу орным митинг өтетін жердің жанында орналасқан. Сол жерде жүргенім әрі спорттық киімде болғаным полицейлердің күмәнін тудырған болса керек, маған мән-жайды жөнді түсіндірместен тұтқындап, автозакка отырғызды да, АІІБ (Аудандық ішкі істер бөлімі)-не алып кетті. 12 сағат бойы АІІБ-де отырдым. Менімен ғана емес, басқа да азаматтармен болып жатқан заңсыздыққа ашуланып, елдегі жағдайға анализ жасадым.

9 маусым, сайлау күні Тоқаевтың жеңгені туралы «то кайф» атты ән жазған едім, бірақ жаздыруға дайын болмадым. Мені тұтқындаған күні әнді жаздырамын деп шештім де, келесі күні әнді шығардым. Ары қарай белсенділердің ортасына тап болып, азаматтық позициям қалыптаса бастады.

Саяси белсенді ретінде қандай мақсаттарыңыз бар?

Қазір айтарлықтай мақсатым жоқ. Белсенділіктен біраз уақыт демалып жүрмін. Қолымнан бар келетіні — айналамдағы адамдарға ықпал ету. Белсенділік керемет болғанымен, орасан зор энергияны талап етеді. Белсенді елде болып жайтқан жаңалықтарды назардан тыс қалдырмай, хабардар болып отыруы керек. Мен жаңа оқиғаларға баға беріп үлгермей жатып, басқалары пайда болады, бәрін есте сақтай алмаймын. Сондай-ақ белсенділік жай ғана өмір сүруіме кедергі келтіреді. Дегенмен жақын арада қатарға қайта қосыламын деп үміттенемін.

Ата-анаңыз, достарыңыз белсенділік әрекетіңізге қалай қарайды?

Отбасым уайымдағанымен, қарсы емес. Әкем менің азаматтық позициямды білетін де шығар, бірақ ешқандай пікір білдірмейді. Екеуіміз де елдегі бір картинаны көріп жатырғасын, айтатын да ештеңе жоқ. Ал достарым саяси белсенділігіме әртүрлі қарайды. Біреулер бұл біздің соңғы кездесуіміз деп қалжыңдап күледі. Кейбіреулері қолдап, сөзіме құлақ асып, бірнеше сағат тыңдауға әзір.

Елдегі қандай мәселер сізді алаңдатады?

Басты мәселе ретінде шынайы демократияның жоқтығын және мемлекеттің халықты естімейтінін қарастырамын. Мемлекет тыңдағандай түр танытатыны сондай кейде оған сене бастайсың. Бірақ істің байыбына барғанда әлі бір сценарийден шықпай жүргені мәлім болады.

Қазақстанда ненің өзгергенін қалайсыз?

Бірнәрсені түбегейлі өзгерту керек деп ойламаймын. Үлкен өзгерістерге адал сайлаудың өзі жетіп жатыр. Таңдауымның болғанын, әлеуметтік және саяси институттардың дұрыс жұмыс істегенін қалаймын. Мемлекет қоғам үнін естіп, талабын ескерсе, біраз өзгеріс болатыны анық.


Ажар Гульнаровна — Назарбаев университетінің 4-курс студенті, фембелсенді


Сіздің феминист екенініңізді білгенде адамдар қандай реакция танытады?

Бірде жігітпен кездесуде феминист екенімді айтқанымда, оның менен шай құйуымды қоймастан өтінгені бар. Біраз адам, тіпті әйелдің тең құқыққа ие болуын қолдайтындар да феминизмнің не үшін күресетінін түсінбей, оны дұрыс және бұрыс деп екіге бөліп жатады. Әйелдердің күнделікті өмірде кездесетін проблемаларын байқамайтындығыңыз күресуге себеп жоқ дегенді білдірмейді.

Не үшін күресіп жатырсың деген сұраққа әдетте қалай жауап бересіз?

Таксиге қорықпай отыру үшін, подъездге жан-жағыма жалтақтап кірмес үшін, жай ғана көшеге үрейленбестен жалғыз шығу алуым үшін күресемін. Әдетте қыздардың таксиге отыруы көліктің нөмірін құрбыңа жіберу, сұрақтарға қысқа жауап беру, жолды жіті бақылап отыру секілді біраз сақтық шараларынан тұрады. Бұндай қорғану механизмін ұстануымыздың артында таксистпен болған жағымсыз оқиғаларымыз жатыр.

Әйелдер маршына қатысыпсыз. Қандай әсердесіз?

Марштың өткеніне бір аптадан аса уақыт өтсе де, мен әлі әсерленіп жүрмін. Себебі марш өте қуатты, бейбіт, әдемі әрі тату өтті. Ең керемет 8 наурыз болды. Жылдан-жылға адамдардың 8 наурыздың әйелдердің теңдігіне бағытталған бастапқы мәнін түсініп келе жатқаны қуантады.

Әйердер құқығына қатысты қандай заңдардың қабылданғанын қалайсыз?

Қазір Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң жоқ, ол қайта қаралып жатыр. Біріншіден, отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы нақтыланған заң қабылданса деймін. Осы орайда аталған заңды талқылап жатқан арнайы жұмыс тобының құрамы сенімсіздік туғызады. Мен Қазақстан азаматы және салық төлеуші ретінде мұндай маңызды мәселер білікті адамдардың қарауында болғанын қалаймын. 

Екіншіден, зорлық-зомбылықты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстен қылмыстық кодекске ауыстыруды талап етемін. Біз де, мемлекет те зорлық-зомбылыққа ешқандай түсіністік танытпауымыз керек. ҚР заңдары отбасы ішіндегі зорлыққа қатал қарамайды. 2020 жылдың қаңтарынан бастап агрессорларға әйеліне күш көрсеткені үшін тек ескерту беріледі. Күйеуі әйелін ұрып, қабырғасын, сындырып, денесін көгертіп, ауруханаға дейін апаруы мүмкін. Алайда зардап шегуші ауруханада үш аптадан кем уақыт жатса, агрессордың бұл әрекеті денсаулыққа жеңіл зиян деп қарастырылады. Заңгер болмағасын аталған заңдар жайлы кеңінен айта алмаймын. Дегенмен, жазаны едәуір қатаңдатса, зорлық-зомбылық қазіргідей жиі болмайтынына сенімдімін.


Пакизат Сайлаубекова — Recycle birge жобасының негізін қалаушылардың бірі, экобелсенді


Экобелсенділікке қалай келдіңіз?

Экобелсенділікке қызығушылығым үш жыл бұрын магистратураны эколог мамандығы бойынша оқып жүргенде оянды. Оған қоса диссертациям Қазақстандағы электрон қалдықтардың утилизациясы туралы болды. Сол кезде үйімде қалдық өнімдерін сұрыптап, өңдеуге апаруды бірте-бірте тұрақты әдетке айналдырып, экологиялық жобаларға белсене қатыса бастадым. Кейін өзге экобелсенділермен бірігіп адамдардың экосауатын арттыруға бағытталған recycle birge деген жобаны аштық.

Кейінгі жылдардағы Қазақстандағы экобелсенділікті қалай бағалайсыз?

Кейінгі үш-төрт жылдың ішінде экобелсенділік қарқынды дамып жатыр. Қазір трендке айналғандай. Егер оның дәрежесін 100 пайыздық шкала бойынша бағаласақ, онда 60 пайызға жетті деп ойлаймын. Бұл адамдардың экосауаты артып жатқанын, болашақ әлемнің жай-күйін уайымдай бастағанын көрсетеді.

Қоқысты сұрыптау, қайта өңдеуге тапсыру кезінде қандай мәселелерге тап боласыз?

Экобелсендіге де, қоқыстарды сұрыптаумен айналысқысы келетін адамға да кедергі келтіретін жағдай — қолайлы экологиялық инфрақұрылымның жоқтығы. Инфрақұрылым аудан, облыс орталықтарын есепке алмағанда ірі қалалар да аса дами қоймаған. Сондықтан сұрыпталған қалдық өнімдерін сипатына қарай бірнеше қабылдау пунктіне көлікпен апаруымызға тура келеді. Қалдықтарға арналған жәшік-контейнерлер қалада көп орналасса, қоқысты сұрыптаумен айналысу машақаты мол шаруа болмас еді.

Қиындық тудыратын екінші мәселе — Қазақстанда барлық қалдықтың қайта өңделмейтіні. Бізде пластиктің жеті түрінің тек төртеуі (1,2,4,5) өңделеді. Қалған  токсикалық үшеуін өңдейтін зауыт не жинайтын компания жоқ.

Қоршаған ортаға қатысты мемлекеттің қандай шаралар қабылдағанын қалайсыз?

Экологиялық кодекс арқылы заңды түрде айыппұл жүйесін енгізгізгенін қалаймын. Қатаң айыппұл жүйесінің арқасында Швейцария, Германия секілді елдерде қалдықтарды сұрыптау жақсы жолға қойылған. Адамдарың бәрі eco friendly болмауы не қоқысты реттеуге ерінуі мүмкін. Егер айыппұл төлеуді міндеттесек, сұрыптау мәдениеті әлдеқайда тез қалыптасатынына сенімім мол.

Екіншіден, қоршаған ортаға заңсыз жасалған эмиссияға жазаны қатаңдату керек.  Ешкімнен рұқсат сұрамай талдарды кесіп жатқан жағдай аз емес. Шабылған талдардың өтеміне қыруар айыппұл салынса, кәсіп, құрылыс иелері мұндай әрекетке бармас бұрын ойланады. Мемлекет тек заңдармен шектелмей, халыққа насихат та жүргізуі тиіс. БАҚ-та экологиялық мәселелер, оны шешу жолдары туралы жиі жазылып жүрсе адамдардың экосауаты тезірек артады.

Мәтін: Алиева Жансая

Следите за нами в интернете

Другие новости и события